«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ

Видеогалерея (бейнетаспалар)


    Мемлекеттіліктің негізін бекіткен Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігінің символы – бұл төл теңге. Ұлттық валюта Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді.
    Теңгенің дизайнымен отандық суретшілер жұмыс істеді. Банкноттардың бет жағына Қазақстанның мәдени, рухани және саяси дамуына зор үлес қосқан қазақ халқының тарихи тұлғалары бедерленді. Сыртқы жағында – елдің көрікті табиғи және сәулеттік жерлері бейнеленген.
    Елбасы кітапханасы музейінің ұлттық валютаға арналған залдарының бірінде келушілер заманауи технологияларды пайдалана отырып, банкноттардағы символдар мен объектілерді көре алады.
    Сонымен қатар, мекеменің архивінде тарихи оқиғаның бейнежазбасы – теңгенің енгізілуіне байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1993 жылғы 12 қарашадағы халыққа үндеуі сақталған.
    Бұл кинохрониканың кадрлары Елбасы кітапханасының 15 қараша – Қазақстан Республикасының ұлттық валюта күніне дайындаған бейнероликке енді. Осы күні Қазақстанның қаржы жүйесінің қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді.

    1941 жылдың 16 қарашасы – генерал И.В. Панфилов дивизиясының 28 жауынгері ерлік жасаған күн. Мәскеу түбіндегі Дубосеково жол айырығында өткен жанкешті шайқаста кеңес батырлары жиырма шақты неміс танкін жойып, фашистердің астананы бұзып өтуіне жол бермеді.
    Панфилов дивизиясы 1941 жылдың жазында Алматы қаласында Қазақ және Қырғыз КСР әскеріне шақырылғандар мен еріктілерден жасақталды. Қолбасшылықты генерал-майор Иван Панфилов алды. Бұл дивизияның құрамында Бауыржан Момышұлы да бар еді.
    Панфиловшылардың ерлігі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Мәскеу үшін фашистік басқыншыларға қарсы шайқастың қаһармандық үлгісі болды.
    16 қарашадай тарихи күннің қарсаңында Елбасы кітапханасы панфиловшыларды еске алуға арналған бейнеролик дайындады.

    Кел, балалар, оқылық! Қазақтың көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің бұл үндеуін әрбір қазақ оқушысы біледі. Жазушы, этнограф, публицист, қоғам қайраткері Ы. Алтынсарин – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған тұлғалардың бірі, алғашқы қазақ оқулықтарының авторы.
    Қазақ даласында оқу орындарының ашылуы – қайраткердің еңбегінің басты жемісі. Алтынсарин табандылығының, отансүйгіштігі мен адамгершілігінің арқасында 4 екі жылдық орталық орыс-қырғыз мектебін, 1сауда мектебін, 5 болыс және 2 балалар мектебін, сонымен қатар мұғалімдер мектебін құруға қол жеткізіп, халықтың зайырлы білімін қалыптастыра бастады.
    Қоғам қайраткері ретінде Ыбырай Алтынсарин қарапайым еңбекшілердің мүддесін қорғауға белсене атсалысты. Осы орайда оның қазақ ауылының әлеуметтік-экономикалық жүйесі мен шаруашылық өмірін өзгертуге арналған еңбектерінің орны ерекше.
    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы халық жадында мәңгі сақталатын ұлағатты ұстаздың 180 жылдығына орай бейнеролик дайындады.

    Тұңғыш Президент күніне
                   
    1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстанда алғашқы бүкілхалықтық президент сайлауы өтті. Оның нәтижесінде халықтың қолдауына ие болған Н.Ә. Назарбаев ел Президенті болып сайланды.
    Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде Н.Ә. Назарбаев былай деді: «Біз бастан өткеріп отырған осындай ғаламат тарихи өзгерістердің куәлары және қатысушылары болу кез келген ұрпақтың үлесіне тие бермейді. Бізді біріктіріп, алға жетелейтін идея – еркін демократиялы егемен мемлекет құру. Мың жылдық қазақ тарихында тұңғыш рет өз Президентін бүкіл халық болып сайлаған республика азаматтары желтоқсанның 1-і күні, тегінде, сол идея үшін дауыс берген болатын».
    Бүгінде тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым. Өйткені егемен Қазақстанның басты жетістіктері – оның ұлт көшбасшысы ретіндегі қызметінің нәтижесі.
    Елбасының мемлекеттік саясатының басты әрі даусыз жетістіктеріне нарықтық экономикасы және тұрақты саяси жүйесі бар қазіргі заманғы мемлекеттің құрылысын, шекараны халықаралық-құқықтық рәсімдеуді, этносаралық және конфессияаралық келісімнің тиімді моделін құруды, ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» даму стратегияларын әзірлеу мен іске асыруды жатқызуға болады.
    Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» мақаласында: «Нұрсұлтан Әбішұлы – осындай айрықша ерік-жігерімен ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері! Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға! Елбасымыз әлемнің ең азулы елдерінің басшылары мен саяси қайраткерлері құрмет тұтатын биікке көтеріліп, еліміз халықаралық қоғамдастықтың белді де беделді мүшесіне айналды», – деп атап өткен болатын.
    Н.Ә. Назарбаевтың тарихи еңбегіне құрмет ретінде 2011 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мереке болып бекітілді.
    Бірінші бүкілхалықтық Президент сайлауының 30 жылдығы мерекелік датасына орай Елбасының кітапханасы тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа арналған бейнеролик дайындады.

    Қазақстан тәуелсіздігіне – 30 жыл. «Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс. Алайда біз оны да бағындыра алдық!», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев.
    Мемлекеттік егемендік – қазақ халқы ұрпағының шындыққа айналған арманы, ең басты игілік. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы – бұл қалыптасу кезеңнің қиындықтарын еңсеріп, өз әлеуетін дұрыс пайдалана білген біртұтас халықтың лайықты да күрделі жолы.
    Қазақстандықтардың жасампаз еңбегінің және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси даналығының арқасында қазіргі Қазақстан – қалыптасқан мемлекет, халықаралық беделге ие болған аймақтық көшбасшы.
    «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев.
    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бейнеролик дайындады. 30 секундық бейнероликте тарихи ретроспектива, біртұтас мемлекеттің бүгіні мен ертеңіне деген бағдары бейнеленген.
    Біз барша қазақстандықтарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз! Байтақ жеріміздегі әр отбасы бақыт пен шаттыққа кенелсін!

    Толығырақ Орталықтың YouTube каналынан көре аласыздар.