Жаңалықтар

07 маусым 2017

 

Үкімет сағаты:  «Қазақстан Республикасында ғарыш қызметінің дамуы барысы туралы»

 

2017 жылғы 5 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында ғарыш қызметінің дамуы барысы туралы» тақырыбына «үкімет сағаты» өтті.

Отырысқа  Мәжіліс депутаттары, Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш министрлігінің, Аэроғарыш комитетінің, оның қарамағындағы ұйымдардың басшылары, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің, Инвестициялар және даму министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, басқа да ведомстволар мен баспасөз ақпараттық құралдарының өкілдері қатысты.

Мәжіліс депутаттарының алдында ҚР қорғаныс және аэроғарыш министрі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов баяндама жасады.

Министрдің баяндамасында ҚР ғарыш саласының бүгінгі күнгі жағдайы, ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметі нәтижелері және даму преспективасы туралы толық, жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Үкімет сағаты барысында Мәжілім депутаттары ҚР ғарыш қызметінің дамуы бойынша бірнеше мәселелерді, оның ішінде Қазақстанда ғарыштық ғылымды дамыту мәселелерін талқылады. «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» орындап отырған қолданбалы ғылыми әзірлемелерге баса назар аударылды. Атап айтқанда, ГЛОНАСС/GPS, UMTS/GSM (ЭВАК) базасында авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесін енгізу мәселесі талданды. Жүйені «ҰҒЗТО» АҚ Ғарыштық техника және технологиялар институты әзірлеген және ол 2017 жылдың басынан бері «пилотты» режімде жұмыс істейді, алайда, оның толық қызмет көрсетуі үшін бүртұтас оператордың болмауы кедергі келтіруде, ал операторды Инвестициялар және даму министрлігі белгілеуі тиіс.

Ішкі істер министрлігі, қазірше, сотталған адамдарды бақылау электронды құралдарын тәжірибе жүзінде пайдалану мәселесін шешкен жоқ (Жазалау жүйесін гуманизациялау және бюджеттік қаражаттарды үнемдеу мақсатында «электронды білезіктер» ұсынылған. Бұл жүйе мен аспаптардың үлгілерін де «ҰҒЗТО» АҚ Ғарыштық техника және технологиялар институты дайындаған және енгізілу кезеңін күтіп отыр).

Депутаттар «ҰҒЗТО» АҚ В.Г. Фесенков атындағы астрофизикалық институты мамандары үшін «астрофизика» мамандығы бойынша PhD докторанттар оқытып шығаруға мақсатты гранттар бөлу туралы мәселені Білім және ғылым министрлігінің алдына қойды. Олар, сондай-ақ, 2015 жылы қыркүйек айында Халықаралық ғарыш станциясы бортында ұшқыш-ғарышкер А. Айымбетов жүргізген эксперименттер бойынша ғылыми жұмыстарды жалғастыруға қызығушылық танытты. Кейбір ғылыми эксперименттер бойынша бұдан былай жұмыстарды жалғау үшін «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ тиісінше қаржыландыруды талап етеді.

Тыңдаулар алдында депутаттарға ҚР ҚАӨМ Аэроғарыш комитетінің экспозициялары ұсынылды, онда ғарыш саласы кәсіпорындары қызметінің нәтижелері көрсетілді, оның ішінде, аспаптардың үлгілері, микро-спутниктердің макеттері, суперкомпьютерлер және басқа да экспонаттардан тұратын «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ стендтері ұсынылды.