Жаңалықтар

23 қазан 2017

 

Астана қаласында өткен «Ғарышқа Қазақстандық жол: жүзеге асуы мен даму келешегі – 2017» Халықаралық форумы өз жұмысын аяқтады

 

Астана қаласында 2017 жылдың 19-20 қазан күндері өткен алғашқы жасанды Жер серігінің ұшырылуына 60 жыл толуына арналған «Ғарышқа Қазақстандық жол: жүзеге асуы мен даму келешегі – 2017» Халықаралық форумы бүгін өз жұмысын аяқтады.

Форумды ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырды.

Форумның мақсаты – экономика саласындағы мәселелерді шешу үшін ғарыш қызметіндегі нәтижелерді қолдану бойынша тәжірибе алмасу, соңғы он жылдағы ғарыш қызметінің қорытындысын қарастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ғарыш саласын дамыту жоспарларын талқылау.

Осыдан 4 жыл бұрын бастау алған жыл сайын өтетін «Қазақстандағы ғарыш күндері» Семинары 2017 жылы қатысушылар саны мен қарастыратын мәселелер ауқымын кеңейтіп, Халықаралық форумға айналды.

Бұл шараға биыл 500-ден аса ғарыш мекемелері мен мемлекеттік органдардың өкілдері, танымал ғалымдар, ғарыш технологиясы саласындағы әлемнің жетекші компанияларының мамандары қатысты. Франция, Ресей, Ұлыбритания, Украина, Белорусия, Қытай, БАӘ, Корея, Италия, Иран сияқты әлемнің 20-дан аса елі қатысты.   

Сондай-ақ, форум жұмысында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығы, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасының ғарышкерлері, әлем мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілік өкілдері, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің стратегиялық серіктестері (Роскосмос, «Airbus Defence and Space» және т.б.), отандық және шетелдік ғарыш ұйымдары (М.В.Хруничев атындағы Мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығы, М.ФРешетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйе» АҚ, «Leica Geosystems, Satrec Initiative», «Eutelsat») және тағы басқалар болды.

Аталған шара барысында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің Республикалық ғарыш байланысы орталығы мен ресейлік «М.ФРешетнев атындағы Ақпараттық спутниктік жүйе» АҚ арасында Ғарыш аппаратын пайдалану аясында шығыс ұзақтығы 86.5 градустық орбиталық бағдардағы жиіліктік ресурс мәселелері жөнінде өзара ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды.

Ал, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ мен «King Development» ЖШС (Малайзия) арасында Астана қаласында Ұлттық ғарыш орталығын салудың екінші кезектігі туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Бұл Халықаралық форумның ерекшелігі оның аясында  Астана қаласында алғаш рет өткізілген «Қазақстандағы ғарыш ғылымы: қазіргі жағдайы мен даму келешегі» тақырыбындағы Фесенковск оқулары» атты ғылыми конференцияның өтуі.

Конференция алаңында заманауи бақылау әдісін жетілдіру және ақпараттық технология негізінде алыс-жақын астрофизикалық ғарыш нысандарын зерттеу, Күн-Жер физикасы мен геодинамикасы, ғарыштық техника мен технологиялардың аспаптары және аппараттық-программалық құралдары, Қазақстанда аэроғарыштық материалтанудың маңызды түйіткілдері, ғарыштық бақылауды және геоақпараттық технологияларды қолдана отырып, Жерді зеттеру мәселелеріне байланысты ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді.

Сонымен қатар, форумның екінші күні «Ғарыш технологияларын дамыту мен Қазақстанның ғарыш саласына инвестиция тарту» және «Байқоңыр» ғарыш айлағының экологиялық қауіпсіздігін арттыру» тақырыбындағы 2 секция отырысы өтті.

Жерді қашықтықтан зондтау мен дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі деректерін тиімді пайдалану туралы ғылыми-тәжірибелік шеберлік сабақтары өткенін де айта кеткіміз келеді.  

Ғылыми-тәжірибелік шаралармен бірге бүгін «Мәдениет диалогы – Бірыңғай әлем» Халықаралық қайырымдылық қорының қолдауымен Астана қаласындағы Ұлттық Ғарыш орталығында алғаш ғарышқа ұшқан Ю.А. Гагарин ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі  болды.

Бұл шараға ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, Халық Қаһарманы, Ресей Батыры, ҚР Парламент Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясының басшылары және ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өзге де бағынысты ұйымдары, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников және «Мәдениет диалогы – Бірыңғай әлем» Халықаралық қайырымдылық қорының Қазақстандағы басшылығының өкілі Ирина Ильященко қатысты.

Салтанатты рәсімін ашқан «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президенті Ерғазы Нұрғалиев «Мәдениет диалогы – Бірыңғай әлем» қоғамдық қорына мүсін үшін алғыс білдірді.

«Биылғы жылдың шілде айында Қор өкілдері ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Астанада Ю.Гагариннің мүсінін орнату туралы ұсыныспен шықты.  Бейбіт Бәкірұлының тапсырмасы бойынша бұл өтініш тез арада қарастырылып, 2017 жылдың қыркүйегінде Қор мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ арасында еш өтеусіз Ю.А. Гагарин мүсіні композициясын тарту ету туралы Келісімге қол қойылды. Мүсінді Ұлттық ғарыш орталығында орнату туралы шешім қабылданды. Біз ресейлік достарымызға шын жүректен алғыс білдіреміз!»,- деді Е. Нұрғалиев.

Бұл мүсін композициясы Жерден алғаш ғарышқа ұшқан ғарышкерге арналған 41-ші ескерткіш болды.

Іс-шара соңында қатысушылар Ю.А. Гагарин мүсініне гүл қойды.

«Ғарышқа Қазақстандық жол: жүзеге асуы мен даму келешегі – 2017» Халықаралық форумының қорытындысы бойынша форумның қорытынды Қарарына қол қойылды. 

Келесі Халықаралық форум Астанада «KADEX – 2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік V Халықаралық көрмесі аясында өтетін болады.

 

Қазғарыштың баспасөз қызметі

Казкосмос