Жаңалықтар

17 сәуір 2018

Алматы – Өскемен «ғарыштық» онлайн-конференциясы

 

2018 жылы 12 сәуірде «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ қызметкерлерінің Шығыс Қазақстан А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасы аудиториясымен, кітапхана қызметкерлерінің бастамасы мен өтініші бойынша, Дүниежүзілік авиация және космонавтика күніне арналған онлайн-конференциясы болып өтті.

Конференцияға Орталықтан ғылыми жұмыстар жөніндегі вице-президент Бауржан Бекмұхамедов, В.Г. Фесенков атындағы астрофизикалық институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ришат Валиуллин және Жерді қашықтықтан барлау департаменті директорының орынбасары Раушан Ақназарова, ал Шығыс Қазақстан А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасы аудиториясы тарапынан оқу орындарының оқушылары қатысты.

Кездесу барысында ғарышты зерттеу саласындағы түрлі мәселелер қозғалды, мектеп оқушылары Ғаламшардың ашылмаған құпияларына, космонавтиканың қазіргі проблемаларына, Орталық шұғылданып отырған зерттеулер бағытына, Қазақстандағы ғарыш қызметінің дамуы болашағына қызығушылық танытты. Сондай-ақ, олар Алматы қаласына келіп, Астрофизикалық институт обсерваториясына саяхат жасауға үлкен үміт артатынын білдірді.

Шығыс Қазақстан А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасы қызметкерлері көп жылдардан бері ғарыш және ғылыми қызметтерді насихаттаумен айналысып келеді. Біздің Орталық пен кітапхананың бірлескен ынтымақтастықта жұмыс істеу тәжірибесі бар – «ҰҒЗТО» АҚ «Cosmos.KZ» циклінің жиырмадан астам ғылыми-көпшілік телевизиялық фильмін кітапхана пайдалануына тегін берген. Ол фильмдер қазақстандық ғарыш ғылымының – астрфизиканың, Күн-Жер байланыстарының, ғарыштық мониторингтің, ғарыштық техниканың дамуы туралы мәліметтер береді, ғарыштық зерттеулер саласындағы жетекші ғалымдармен сұхбаттар бар.   

Кітапхана қызметкерлерінің ғылымды насихаттау және ағартушылық қызметі өте жоғары бағаға лайық.

Ғарыштық ғылымға қызығушылық танытқаны және кездесуді аса жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін кітапхана басшылығына ризашылығымызды білдіреміз.

«ҰҒЗТО» АҚ баспасөз-қызметі