Жаңалықтар

22 қараша 2018

Алматы қаласындағы Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей

өз қамқоршыларынан сыйлық алды

 

ҚР ҚАӨМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы   Еркін Шаймағамбетовтің  тапсырмасымен лицей оқушыларына екі теннис үстелі жеткізіліп берілді. Сыйлықты «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ президенті Шыңғыс Омаров пен «В.Г. Фесенков атындағы астрофизикалық институт» ЕЖШС директоры Асылхан Бибосынов лицей директоры Ерұлан Жиенбаевқа тапсырды

Қорғаныс және аэроғарыш өенеркәсібі министрлігі, Аэроғарыш комитеті ғарыш саласын жас дарынды мамандармен толықтырып отыруға үлкен мән береді, лицейдің дамуы үшін үлкен қолдау көрсетеді.

Лицейдің Қамқоршылық кеңесін ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың өзі тікелей басқарады. Кеңес құрамында Аэроғарыш комитетінің төрағасы Еркін Шаймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, республикалық бірлестіктер басшылары, қоғамдық қайраткерлер бар.

Махатма Ганди атындағы мамандандырылған лицей және Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының В.Г. Фесенков атындағы астрофизикалық институты арасын ұзақ жылдардан бергі жемісті ынтымақтастық байланыстырады. Институт ғарыштық ғылымға дарынды жастарды тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізеді. Лицей оқушыларын тәжірибелік астрофизикаға қашықтықтан оқыту үшін бірлескен, үлкен болашағы бар жоба әзірленген.

Жоба шеңберінде, Астрофизикалық институттың Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясы базасында лицейдің роботты телескопын орнату жоспарланған, әрі қарай, аталған телескопта оқушылардың ғарыштық нысандарды қашықтықтан бақылау жүргізуі ұйымдастырылады. Келешекте, бірлесе күш жұмсай отырып, лицей оқушыларын, сондай-ақ ғарыштық бағыттағы Қазақстанның басқа да оқу орындарын қашықтықтан оқыту үшін астрофизикалық оқу кешенін құру көзделген.

Соңғы жылдар ішінде Астрофизикалық институт пен лицей бірнеше теориялық және тәжірибелік іс-шаралар өткізді. 2014 және 2015 жылдары Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясында, қазақстандық және ресейлік ғалымдармен бірлесе отырып, «Халықаралық астрономиялық мектеп» өткізілді, ал 2018 жылдың басында, Астрофизикалық институт мамандарының қолдауымен және тікелей қатысуымен, лицей базасында астрономиялық олимпиада өткізілді, ол оқушылардың ғарыштық ғылымға деген үлкен қызығушылығын көрсетті. Алдағы кезде аталған жобаға Алматы қаласының басқа да мектептері мен лицейлерін тарту жоспарланып отыр.

 

Александр Губерт