Жаңалықтар

08 қаңтар 2019

Василий Григорьевич Фесенковтың мерейтойы

 

Қазақстандағы Астрофизикалық институттың негізін қалаушының туғанына жүз отыз жыл

 

2019 жылдың он үшінші қаңтарында Астрофизикалық институттың негізін қалаушы және бірінші директоры Василий Григорьевич Фесенковтың туғанына 130 жыл.

Ғылым тарихына Василий Григорьевич әлемдік деңгейдегі ғалым және тамаша ұйымдастырушы ретінде кірді. В.Г. Фесенковтың есімімен аталатын шағын планета, Марстағы және Айдың арғы бетіндегі кратерлер оның астрономияға қосқан ғылыми үлесі жөнінде айтып-ақ тұр. Мұндай ғарыштық даңқ туралы тек армандауға болады! Оның арқасында Алматыда құрылған ғылыми мектеп, қазіргі таңда оның атымен аталатын Астрофизикалық институт Қазақстандағы ең табысты ғылыми мекемелердің бірі болып табылады. Осы күндері Василий Григорьевичтің өмірінің негізгі кезеңдерін, астрономияға және Қазақстандағы ғылымның дамуына оның қосқан ғылыми үлесі жөнінде еске түсіргіміз келеді.

Василий Григорьевич Новочеркасск қаласында дүниеге келді. Василий Григорьевичтің әкесі физика және математика пәндерінің мұғалімі болған, анасы – Ольга Васильевна да өте зиялы отбасынан еді. Ольга Васильевна француз тілін меңгерген және музыкамен әуестенген. Василий Григорьевич өмірінде астрономиядан кейінгі екінші шабыты музыка еді. Ол бала күнінде өзінің табанды және қайсар мінезімен ерекшеленді, және өмір бойы сондай болып қалды. Мінезінің бірқалыптылығымен, бірбеткейлігімен және ұшқарлығымен ол өз құрдастарынан ерекшеленді. Ол тоғыз жасынан бастап астрономияға қызығып, әуелі кітаптардан оқыса, кейін әкесі сыйға тартқан кішкентай телескоптан аспан денелерін бақылай бастады. В. Фесенков Новочеркассктегі қолөнер училищесін тәмамдағаннан кейін Харьков университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсті. 1911 жылы ол «астрономия» мамандығы бойынша университеті үздік бітірді және профессорлық атаққа дайындалу үшін факультетте қалдырылды. Университетті бітіретін жылы Юпитерді зерттеуге арналған оның алғашқы жарияланымы (ал олардың барлығы алты жүзден аса болды!) жарыққа шықты. 1912 жылдан 1914 жылы аралығында В. Фесенков Сорбоннада тағылымдамадан өтті, содан кейін «Зодиак жарығы» тақырыбында докторлық диссертациясын табысты қорғады. Тағылымдама кезінде ол Оксфорд және Кембридж университеттеріне және Еуропаның бірнеше жетекші обсерваторияларына барды.

Ресейге оралғаннан кейін В.Г. Фесенков Харьков университетінде, 1920 жылдан бастап Донской Политехникалық институтында дәріс берді. 1922 жылы Василий Григорьевич Мәскеуге қоныс аударды, және бір жылдан соң оның бастамасы бойынша өзі басшысы болып сайланған Ресей астрофизикалық институты (РАИ) құрылады. В.Г. Фесенков өмірінде үш астрономиялық мекеме құрды: РАИ, Мәскеу түбіндегі Кучинск обсерваториясы және Алматыдағы Астрономия және физика институты (АФИ). Бұл фактілер Василий Григорьевичтің тамаша ұйымдастырушылық қабілеті болғандығын айғақтайды.

1950 жылы АФИ Астрофизикалық және Физика-техникалық институт болып екіге бөлінді. Шын мәнінде Қазақстанның физика ғылымы осы институттынан дамыды. Василий Григорьевич өмірінде күннің толық тұтылуын, зодиак жарығын бақылау, Сихотэ-Алинский метеоритін зерттеу бойынша оншақты әртүрлі түрдегі экспедицияларды басқарды. Экспедицияларға қатысушылар басшыларының барлық тұрмыстық қолайсыздықтарда шыдамдылық танытып және өзінің де тынбай еңбек еткендігін еске алады.

 

Василий Григорьевичтің ғылыми қызығушылықтарының ауқымы таңқалдырады. Олар - аспан механикасы, Күн және жұлдыздар физикасы, зодиак жарығымен қоса күн жүйесі денелерінің физикасы, космогония. В.Г. Фесенков атмосфералық оптикаға, жаңа аспаптар және зерттеудің фотометрлік әдістерін дайындауға көп көңіл бөлді. Мүмкін, жақсы өмірден емес болар, әріптестерінің айтуынша, «ол кішкентай аспаптармен керемет ғылым жасады». Оның аппаратуралық-әдістемелік әзірлемелерінен ореоль фотометрін және сәулеленудің поляризациясын анықтау әдісі атауға болады.Ол отандық астрофизиканың негізін қалаушылардың бірі болды. В.Г.Фесенков өзінің барлық зерттеулерін «сандарға дейін жеткізді» және өзінің қызметкерлерінен де соны талап етті. Әр түрлі болжамдар мен теорияларды талқылау кезінде Василий Григорьевичтің түбегейлі ұстанымы әріптестер арасында айрықша құрмет тудырды. Ол Марстағы өсімдіктер туралы және күн жүйесінен шыққан мәселелер туралы пікірталастарда құлақ түрерлік мен дәлелсіз экстраполяциядан аулақ болды.

Оның азаматтық ұстанымы да маңызды. Мәскеу астрономдары қауымдастығындағы (ШМАИ ММУ) оның табандылығы және бірбеткейлігі арқасында, 1937 жылы Пулково обсерваториясының басшылығының бәрі қуғын-сүргінге ұшыраған белгілі қасірет қайталанбады. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақ КСР көшірілген академиялық мекемелері бойынша КССР Ғылым академиясы Президиумының уәкілетті өкілі болды. Ол ҚазКСР Ғылым акадамиясының 13 академик-құрылтайшыларының бірі болды.

Осы қысқаша жазбада Василий Григорьевичтің көп қырлы қызметін көрсету мүмкін емес. Біз үшін ол ой өрісі кең және ғылымдағы жаңа бағыттардың іздеу қасиеттері тән классик ғалымдардың керемет өкілі. Қазақстандағы астрономияның бастауында Василий Григорьевич Фесенков сияқты осындай ірі Ғалымның және осындай керемет Адамның тұруы біздің жолымызды болдырды.

 

Владимир Терещенко,

ФАФИ ж.ғ.қ., физ.-мат. ғыл. канд.