«ҰҒЗТО» АҚ Ионосфера институты ғалымдары табиғи және техногенді апаттар туралы бірқатар ірі зерттеулердің қорытындысын шығарды
7.10.20
«Қазақстанның ғарыштық зерттеулері» сериясының «Геодинамикалық процестер мен ғарыш ауа райының жер серігі мониторингі» атауымен қазақстандық Ионосфера институты ғалымдарының ұжымдық еңбегі жарық көрді.
Монографияға «Ғарыштық қызмет және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер» 008 республикалық бюджеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының аса маңызды нәтижелері енген.
Монография екі бөлімнен тұрады: «Жер литосферасындағы табиғи және техногенді апаттардың мониторингі және болжаудың жерүсті-ғарыштық технологиялары» және «Ғарыштық аппараттардың жұмыс істеу шарттарын талдау және болжау үшін ғарыш ауа райының мониторингі жүйесін құру», олар төмендегі жобалар шеңберінде іске асырылады:
1. Қазақстанның жер қыртысындағы қазіргі кездегі геодинамикалық процестерді зерттеу.
2. Дамыған аумақтардағы техногенді процестердің жерүсті-ғарыштық мониторингі және ірі техникалық нысандардың күйін бағалау.
3. Ғарыштық және геологиялық-геофизикалық деректерді кешенді талдау негізінде Оңтүстік-Торғай мұнай-газды аумағы үшін мезозойға дейінгі кешеннің көмірсутегі кен орындарын іздеудің болжау-іздеу критерийлерін әзірлеу.
4. Жердің радиациялық өрісі құрылымы мен динамикасына байланысты сейсмикалық сипаттамалардың кеңістіктік-уақытша вариацияларының статистикалық модельдерін әзірлеу.
5. Ионосфераның, мезосфераның, атмосфералық электр өрісі мен жылу нейтрондарының параметрлерін өлшеу негізінде геобелсенді оқиғаларды диагностика жасау және болжау әдістерін әзірлеу.
6. Математикалық модельдеу және жерүсті-ғарыштық мониторингі деректері бойынша жер сілкінісі аймағы ошақтарындағы динамикалық және квазистатикалық процестер мен литосфералық-ионосфералық байланыстар.
7. Ғарыштық аппараттардың, навигация және байланыс жүйелерінің жұмыс істеу шарттарын талдау және болжауға арналған, ғарыш ауа райының диагностикасы және болжау жүйесін құру.
8. Ғарыштық кеңістік факторларының кешенді әсер етуі жағдайында радиациялық қауіптілікті болжаудың кешенді жүйесін құру және түрлі бағыттағы ғарыштық аппараттардың (ҒА) борттық электронды аппаратурасын қорғау әдістерін әзірлеу.
9. Литосфералық пайда болатын қауіпті оқиғаларды диагностика жасау және болжау үшін қатты жер сілкінісі ошақтары үстіндегі геофизикалық ортаның күйін зерттеу.
Монография жинақ және мақалалар түрінде ұсынылған, олар көмірсутегілердің ықтимал резервуарларын іздеу, табиғи және техногенді апаттардың, оның ішінде жер сілкінісі, жердің жылжуы және т.б., мүмкін болған орындары мониторингі және анықтау мақсатында деформациялық процестердің жер серігі технологиялары мен математикалық модельдерін қолдану арқылы жер қыртысының геомеханикалық зерттеулеріне арналған.
Республикамызда, Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың жеке бастамашылығымен, толыққанды ғарыш саласы құрылды, ол ғарыш саласы бағыттарының біртұтас кешенін дамытуға жол ашты: түрлі бағыттағы ғарыштық аппараттар әзірлеу, құру және ұшыру, ғарыштағы ғылыми эксперименттер, ғарыштық технологияларды дамыту және оларды геофизика, геодинамика және ғылымның басқа да салаларында қолдану.
Әлемдік ғылымда Күн және күн-жер байланыстарын зерттеу аса маңызды орынға ие. Оны, атап айтқанда, күн белсенділігінің Жердегі және жер төңірегі ғарыштық кеңістігіндегі – магнитосфера мен ионосферадағы болып жатқан физикалық процестерге, сондай-ақ атмосфералық және биологиялық құбылыстарға әсер ететінімен түсіндіруге болады. Күннің, жер қыртысының геодинамикалық белсенділігі фонындағы ай-күн приливтерімен қоса әсері, Жер бетіндегі, сонымен қатар оның қойнауындағы табиғи және техногенді апаттардың себепшісі болуы мүмкін.
Адамзат қызметінің түрлі салаларына «ғарыш ауа райы» факторларының әсер етуін терең түсіну, осы салада Қазақстанның көне институттарының бірі, отандық ғарыш ғылымының дамуына орасан үлес қосып келе жатқан Ионосфера институты ғалымдары мен мамандары орындап отырған зерттеулердің іс-жүзіндегі мәнін ашып береді.
Монографияда жерүсті-ғарыштық технологиялары және математикалық модельдеу негізіндегі геодинамикалық зерттеулер нәтижелері, сондай-ақ ғаламдық жер серігі жүйелерін қолдану арқылы жер қыртысының қазіргі кездегі жылжуын өлшеу технологиялары көрсетілген, пайдалы қазбалар кен орындарын болжау кезіндегі реконструкцияның рөлі көрініс тапқан, және одан басқа, жер төңірегі ғарыштық кеңістігі (ғарыш ауа райы) күйінің ғарыштық мониторингі мәселелері жарияланған.
Бүгінгі таңда Институт іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерге арналған, КСРО кезінде салынған, дамыған инфрақұрылымға ие. Жер төңірегі ғарыштық кеңістігіндегі процестер мен құбылыстарды бақылау үшін, Еуропа мен АҚШ обсерваториялары қол жеткізе алмаған, бірегей жабдықтары бар:
– «Орбита» радиополигоны, теңіз деңгейінен 2700 метр биіктікке орналасқан, Күннің радиосәулелерін тіркеу үшін 12 метрлі антеннасы бар;
– ғарыштық сәулелер станциясы, теңіз деңгейінен 3340 метр биіктікке орналасқан,ғарыштық сәулелер бойынша әлемдік тораптағы негізгі станциялардың бірі;
– «Алма-Ата» геомагнитті обсерваториясы, INTERMAGNET халықаралық торабына кіретін, Орталық Азиядағы жалғыз обсерватория.
Институт ғалымдары ғарыштық аппараттар мен жерүсті технологиялық жүйелерінің жұмысына жер төңірегі ғарыштық кеңістігі факторлары әсерінің кері салдарларын болдырмау мақсатында, алдын ала шаралар қабылдау үшін ғарыш ауа райын болжаудың бірқатар әдістерін әзірледі. Жер төңірегі ғарыштық кеңістігі күйін талдау және оны болжаудың нәтижелерін «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ мамандары пайдаланады.
Жақын ғарышты көпжылдық іргелі және қолданбалы зерттеу, геология, тектоника, табиғи және техногенді қауіптіліктердің мониторингі түйісінде жаңа ғылыми бағыттар түріндегі аса қуатты синергетикалық тиімділікке алып келді.
Жаңа бағыт табысты дамып келеді – Қазақстанның жер қыртысының жерүсті-ғарыштық геодинамикалық және геофизикалық мониторингі жүйесін құру. Геодинамикалық заңдылықтарды жедел анықтау және есепке алу мүмкіндігі, жер серігі геодезиясы, радиолокация және қашықтықтан барлау әдістерін деректерін бірлесе пайдаланудың арқасында, соңғы онжылдықта пайда болды.
Радарлы интерферометрия әдістері және жоғарыдәлдікті жер серігі навигациясы деректері негізінде, Қазақстанның сейсмикалық қауіпті аумақтарындағы жер қыртысының геодинамикалық күйін бағалау үшін Қазақстан аумағының ғарыштық мониторингі жүргізіледі. Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Қазақстан аумақтарындағы қазіргі кездегі сейсмикалық қатерлер жылдан-жылға артып келеді, ол осы аумақтардың даму процестерінің тереңдеуіне қатысты болуы да мүмкін. Тау-кен өндірісі өнеркәсібі нысандарындағы қауіпті геодинамикалық процестердің өрістеуін бақылау технологиялары әзірленген.
Көмірсутегі шикізатын қарқынды өндіру аумақтарындағы табиғи және техногенді апаттарды болжау мақсатында Каспий аумағы жер қыртысының геодинамикалық күйін бағалау жүйесі әзірленді.
Институт мамандары жер серігі технологиялары және жер қыртысының геотектоникалық күйін математикалық модельдеу негізінде мұнайперспективті аудандарды анықтаудың авторлық технологияларына ие. Жұмыстар нәтижелері Қазақстанның Каспий жағалауы аумақтарына аудандастыру жүргізуге, барлау ұңғымаларын бұрғылау орындарын мұқият таңдауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда тұңғыш рет дамыған аумақтардың жерүсті-ғарыштық мониторингі ГАЖ-технологиялары әзірленді, оған Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары аумақтары жер қыртысында жүретін геодинамикалық процестердің жерүсті-ғарыштық мониторингі жүйесін ұйымдастыру қағидаларын әзірлеу, қолданыстағы және жобалаудағы ғимараттар мен құрылыстар үшін «ғимарат-топырақ» жүйесінің кернеуді-деформацияланған күйін бағалау кіреді.
Біліктілігі жоғары ғылыми және инженерлік кадрлардың ғылыми базаларды тиімді пайдалануы шетелдік озат ғылыми-зерттеу орталықтарымен тең деңгейде ғылыми қатынастар орнатуға мүмкіндік ашып отыр..
Жаңа нәтижелер алу үшін мониторинг жұмыстары ұзақ және көпжылдық үздіксіз бақылауларды талап етеді. Күннің радиосәулелерін, ионосфераны, геомагниттік өріс пен ғарыштық сәулелерді үздіксіз бақылаудың эксперименттік гелиогеофизикалық деректерінің бірегей банкі құрылған және ол үнемі өзектеліп отырады. Ол банк Қазақстан Республикасының ұлттық жетістігі болып табылады.