ҚАЗАҚСТАНДА ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАР КЕН ОРЫНДАРЫН ІЗДЕУ КЕЗІНДЕ ҒАРЫШТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ КӨЗДЕЛУДЕ
11.12.20
Қазғарыштың «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар» АҚ және «Қазгеология» Ұлттық Геологиялық Компаниясы» АҚ геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық және пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу мақсатында ғарыштық мониторинг технологияларын неғұрлым кең пайдалану туралы келісті.
«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар» АҚ (ҰҒЗТО) экономика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығының түрлі салаларында, төтенше жағдайлар мен қауіпсіздік үшін Жерді қашықтықтан барлау (ЖҚБ) әдістерінің нәтижелерін пайдалануда мол тәжірибе жинақтаған.
Орталықтың мамандары тапсырыс берушінің сұраныстарына сәйкес ғарыштық суреттерді өңдеу және оларды қолдану алгоритмдерін әзірлеген. Оның ішінде, шикізат кен орындарын болжау және көміртегі кен орындарын іздеуге байланысты әдістер әзірленген. Мұндай әдістемелер жаңа кен орындарды іздеу уақытын анағұрлым қызқартады және қаражат жұмсалуын едәуір үнемдейді. Мұндай жағдайларда ЖҚБ жер серіктерінен алынған суреттер, ұшқышсыз ұшу аппараттары көмегімен түсірілген аэрофототүсірімдер, сондай-ақ жер үсті деректері пайдаланылады.
Өз кезегінде, «Қазгеология» АҚ болашақ ұрпақ үшін қор топтау жолында жаңа минералды-шикізат базаларын іздеу мен құруды, сондай-ақ Каспий қайраңының қазақстандық секторында Қазақстанның экономикалық және геосаяси мүдделерін қамтамасыз етуді алға мақсат етіп қойған.
Екі компанияның күшін біріктіруге «2021-2025 жылдардағы Қазақстан Республикасының геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасы» қолдау көрсетеді, ол бағдарламада геологиялық барлаудың қазіргі кездегі заманауи әдістерімен қатар (жылжымалы формалар әдісімен геохимиялық карталау, гравибарлау құрамындағы аэрогеофизикалық әдістер, аэромагнитті және аэрогамма-спектрометрлі түсірім), озат зерттеу әдістері ретінде де, дербес іздеу әдістері ретінде де Жерді қашықтықтан барлау әдістерін қолдану көзделген.
Сөйтіп, екі компания да өз қызметінде геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықта өздерінің негізгі бағыттарын белгілеп алды, ол аталған сала үшін пайда келтіреді және геология саласындағы мемлекеттік бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға жол ашады.
ЖҚБ технологияларын геологиялық барлау саласында қолдану перспективті құрылымдардың неғұрлым ақпаратты мол 3D-модельдерін құруға мүмкіндік береді, сондай-ақ геологиялық барлаудың далалық және жерүсті түрлері басталғанға дейін, перспективті телімдерді жедел анықтау мен оқшаулау есебінен, жер үстіндегі геологиялық барлау жұмыстарының құнын арзандатуға алып келеді.
Онлайн-конференция режімінде өткен бірлескен мәслихатта әріптестер ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша келісім жасасты, атап айтқанда:
- ЖҚБ технологиялары негізінде пайдалы қазбалардың перспективті құрылымдарын іздеу;
- Жерүсті-ғарыштық деректер негізінде пайдалы қазбаларды іздеу мен болжауды үшөлшемді геомеханикалық модельдеу;
- Өңдеудегі пайдалы қазбалар кен орындарының геодинамикалық мониторингі;
- Жер серігінің және геологиялық-геофизикалық деректерді кешенді талдау негізінде кенді минералдау перспективті алаңдарын анықтаудың әдістемелігін қолдану.
Мәслихат қорытындысы бойынша «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Марат Нұрғожин және «Қазгеология» Ұлттық Геологиялық Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Анвар Боранбаев «Пайдалы қазбалар кен орындарын барлау мақсатында ғарыштық мониторинг технологияларын қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға» қол қойды.