«Адамзатқа қызмет ететін ғарыштық технологиялар» дөңгелек үстелі өтеді
20.05.21
21 мамырда, сағат 15.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының оң жағалаудағы музейінде (Бейбітшілік к-сі, 11) «Адамзатқа қызмет ететін ғарыштық технологиялар» дөңгелек үстелі өтеді. Іс-шара «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрмесінің көпшілікке арналған бағдарламасы аясында ұйымдастырылады.
Дөңгелек үстелге отандық ғалымдар, ғарыш және биотехнология саласының сарапшылары, «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрмесінің серіктестері қатыспақ. Олардың қатарында Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшілігінің кеңесшісі Алексей Коропченко, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының және ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Марат Нұрғожин, «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК бас директоры, Nazarbayev University профессоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ерлан Раманқұлов, «Республикалық ғарыш байланыс орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шоқан Свогузов, «В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институты» ЖШЕС директорының орынбасары Рашит Валиуллин, т.б. бар. Іс-шара модераторы Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат болады.
Қатысушылар мен тыңдаушылар
Қатысушылар ауылшаруашылығын, төтенше жағдайларды, қоршаған ортаны бақылаудың заманауи технологиялары туралы баяндамаларды тыңдап, Ғарыштық техника және технологиялар институтының жетістіктері мен жоспарларымен; ХҒС-тегі Қазақстан Республикасының тәжірибелерінің ғылыми бағдарламасымен; Қазақстандағы ғарыш байланысының бүгіні мен ертеңімен таныса алады.
Іс-шарадан бұрын «Күмбез» залында арнайы экскурсияның өтетінін хабарлаймыз. Оның аясында келушілер назарына ұсынылатын «Жер. Алғашқылардың уақыты» атты көрменің үшінші бөлімі адамзаттың ғарыш кеңістігіне алғашқы қадамын, ғарыш саласындағы еліміздің жетістіктері мен қазақстандық ғарышкерлердің ерліктерін хроникамен береді.