Бос орындар жәрмеңкесі 2025: «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ ғарыштық жобалар үшін дарынды мамандарды іздейді
8.04.25

2025 жылғы 4 сәуірде Басқарма төрағасы Джаникеев М.С. және департамент директоры Мухадиев Н.Б. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев жариялаған «Жұмысшы кәсіптер жылы» аясында Назарбаев Университетінде жыл сайын ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты.
«ҰҒЗТО» АҚ қатысуының мақсаты ғарыштық зерттеулер мен технологиялар саласына болашағы зор жас мамандарды тарту, сондай-ақ еліміздің жетекші оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынасты дамыту болды.
«ҰҒЗТО» АҚ басшылары Назарбаев Университетінің студенттерімен және түлектерімен кездесулер өткізіп, орталық қызметінің негізгі бағыттарын, ағымдағы және перспективалық жобаларын, сондай-ақ ғылыми-техникалық және инженерлік салалардағы мансап мүмкіндіктерін таныстырды. Жеке қарым-қатынас барысында жәрмеңкеге қатысушылар бос орындар, тағылымдамалар және Орталықтың инновациялық жобаларына, соның ішінде материалтану, зымырандық технологиялар және Жерді қашықтықтан зондтау салаларына қатысу мүмкіндіктері туралы білді.
Студенттер еліміздің ғарыш саласының дамуына практикалық үлес қосуға жоғары қызығушылық танытып, мансап жолдары мен еңбек жағдайлары туралы сұрақтарды белсенді түрде қойды. «ҰҒЗТО» АҚ түлектерге серпінді кәсіби ортаны, озық ғылыми жобаларға қатысуды және мансаптық өсу мүмкіндіктерін ұсына отырып, кадрлық резервті қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс істейді.
2025 жылы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Назарбаев Университетінің тарихындағы ең ірі жәрмеңке болды: 120-дан астам жетекші компаниялар мен 250-ден астам бизнес өкілдері қатысты. Бұл оқиға ұлттық және халықаралық жұмыс берушілер тарапынан НУ түлектеріне деген жоғары сұранысты тағы бір рет растады.
«ҰҒЗТО» АҚ Назарбаев Университетінің Мансап және кәсіптік бағдар беру орталығына жәрмеңкені ұйымдастырғаны және ғылым, білім және өндіріс арасындағы тиімді диалог алаңы үшін алғысын білдіреді.