Жапония елшісі Ясумаса Иидзима бастаған жапон делегациясы Ұлттық ғарыш орталығында болды
27.05.25

2025 жылғы 16 мамырда Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Иидзима мырза бастаған жапон делегациясы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш орталығына ресми сапармен келді.
Сапар барысында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков баяндама жасап, оның барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ғарыш саласындағы негізгі жобалар туралы айтты. Ол Жерді қашықтықтан зондтау бағдарламаларына, спутниктік жүйелерді дамытуға және ғарыштық технологияларды өндіру мен сынау инфрақұрылымын құруға ерекше назар аударды.
«Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Марат Жәнікеев де орталықтың қызметі туралы баяндама жасап, оның ғылыми-зерттеу әлеуеті мен ірі республикалық және халықаралық жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибесіне тоқталды.
Тараптар екі елдің мамандандырылған ұйымдары арасында бірлескен ғылыми-зерттеу, білім беру бағдарламаларын және тәжірибе алмасуды қоса алғанда, ғарыштық технологиялар саласындағы қазақстандық-жапондық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.