Сәтбаев университетінде Kazakhstan Smart Space – 2023-2030 байқауы өтті
11.04.23
Айқын, 10.04.2023 ж.
Алматыдағы Сәтбаев университетінде Kazakhstan Smart Space атты ғарыштық технологиялар мен жабдықтардың ІІ Халықаралық байқауы өтті. Бұл туралы Сәтбаев университетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Байқауға өз елімізден бөлек Ресей және Өзбекстанның 59 оқу орнынан студенттер мен мектеп оқушылары ғылыми жоба ұсынды. Жарыстың ашылу салтанатында Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ғылыми орталығының басқарма төрағасы Марат Нұрғожин және Қазақстандық жобаларды басқару институтының президенті Олег Парахин және Сәтбаев университетінің ректоры М. Бегентаев сөз сөйледі.
Жастардың шығармашылық дарыны мен олардың келешегі зор идеялары бүкіл шараның өзегіне айналды. Жас инженерлер 3 түрлі жас категориясы бойынша 3 шығармашылық және бір конкурстық номинацияда сынға түсті. Әр қойылымға Марат Нұрғожин төрағалық ететін қазылар алқасы баға берді. Ұсынылған ғылыми жобалардың ішінен Сумо жекпе-жегін көрсеткен роботтардың өнері тамаша әсер қалдырды.
Мектеп оқушылары Сәтбаев университетінің кампусымен танысты, Ұ. Сыдықов атындағы коворкинг орталығын, Минералдар галереясын, Тарихи мұражайды, Қазақстан технологияларын дамыту мұражайын және университет кітапханасын аралады.
Жас ұрпақтың ғарыш туралы бағдарламаға қызығушылық танытуының маңыздылығы өте жоғары. Спутниктік байланыс, навигация, метеорология, өнеркәсіп, тіпті медицина – адам өміріне қатысты барлық салада ғарыштық технологияларды қолданбаса, адамзат бүгінгі күні біз білетін формада өмір сүре алмас еді.
Сондықтан да биыл байқау «Ғарыш саласының динамикалық инновациялары мен базалық салалары. Мәселелер, әлеует және болашақ: Қазақстан – 2023–2030» атты бірінші халықаралық конференциямен қатар өтіп жатыр.
Байқаудың екінші күні «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы, Алматы қаласы Білім басқармасы, ҚР ҰҒА Аэроғарыш комитеті мен Kazakhstan Space Travel компаниясының өкілдері қатысты.
Конференцияның бағдарламасы Қазақстанның практикалық мәселелерін ғарыштық технологиялар көмегімен шешуге бағытталған. Сарапшылар кең ауқымды тақырыптарды, соның ішінде, Қазақстанның ғарыш саласы үшін кадрлар даярлау мәселесін де талқылады.
Байқау мен конференция Цифрлық экономика көшбасшыларының VI Еуразиялық саммитінің арнайы іс-шаралары форматында өтті. Бұл іс-шаралар Қазақстанның Ұлттық аэроғарыш агенттігінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған.
Сонымен Сәтбаев университетінің базасында өткізілген Kazakhstan Smart Space ғарыштық технологиялар мен жабдықтар бойынша ІІ Халықаралық байқауының қорытындысы бойынша 43 команда алға шықты.
Ғарыш айлағының атмосферасын жасай отырып, қатысушылар өз ракеталарын аспанға ұшырды.
Жастардың шығармашылық өнері мен алдағы келешегі зор идеялары осы іс-шараның өзегі болды.
Жас ұрпақтың қилы-қилы жобалары, инновациялық шешімдері осы бағыттың болашағын көрсетеді. Сондықтан да Қазақстанның ғарыштық ғылымы жас ғалымдардың сенімді қолында екені сөзсіз.
Тұпнұсқасы:
https://aikyn.kz/248394/setbaev-universitetinde-kazakhstan-smart-space-2023-2030-baykauy-otti/