Мемлекеттік деңгейде қашықтықтан зондтауды дамытуға қосқан үлесі атап өтілді
11.04.25

2025 жылғы 10 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ирина Сергеевна Витковскаяға ғылымды дамытуға қосқан ерекше үлесі және еліміздің қоғамдық және ғылыми-сараптамалық қызметіне белсенді қатысқаны үшін «Құрмет» орденін табыс етті.
Ирина Сергеевна Витковская – физика-математика ғылымдарының кандидаты, ғарыш саласында 34 жылдық тәжірибесі бар Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) саласындағы жоғары білікті маман. Ол сондай-ақ «Алдыңғы қатарлы өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар» басым бағыты бойынша Қазақстан Республикасы Жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ұлттық ғылыми кеңесінің мүшесі.
Оның басшылығымен спутниктік деректерді өңдеу мен талдаудың инновациялық әдістері әзірленуде, бұл Жер бетінде болып жатқан процестерді түсінудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Терең теориялық білімнің, ғылыми интуицияның және көп жылдық тәжірибесінің арқасында Витковская И.С. Қазақстандағы құрғақшылық жағдайларының пайда болуы мен дамуының кеңістіктік-уақыттық сипаттамаларын қашықтықтан бағалау технологияларын әзірлеуге елеулі үлес қосты.
Оның ғылыми қызығушылықтары құрғақшылыққа бейім аймақтарды анықтау, құрғақшылық оқиғаларының қарқындылығын анықтау және тарихи және заманауи спутниктік суреттерді пайдалана отырып, экстремалды ауа-райы жағдайларына өсімдіктердің реакциясын қамтиды.
Ирина Сергеевнаның жетістіктері Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтудағы маңызды кезең болды және ғарыштық мониторинг пен табиғатты тұрақты пайдалану саласындағы озық технологияларды дамытуға ықпал етеді.
«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Ирина Сергеевнаны лайықты марапатымен құттықтап, ғылымға адалдығы мен көрнекті кәсіби шеберлігі үшін шын жүректен алғыс білдіреді.