Ғарыштың болашағы – өңірлік әлеуетпен
4.07.25

Қызылордада ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Марат Жәникеев және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында ұлттық ғарыш саласын дамыту, инженерлік кадрларды даярлау, сондай-ақ өңірлік әлеуетті ғылым мен технологиялар саласындағы перспективалық жобаларды іске асыруға тарту мәселелері талқыланды.
Аэроғарыш комитетінің өкілдері Халықаралық ғарыш айлағы жобасының тұжырымдамасын таныстырып, жобаға қатысуға мүдделі шетелдік компаниялармен жүргізіліп жатқан келіссөздердің барысы туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешені жобасының іске асырылу барысы және өзара іс-қимылдың басқа бағыттары қаралды.
Тараптар өңірде жоғары технологиялық өндірістер мен ғылыми инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік білдірді.