ҰЛТТЫҚ ҒАРЫШТЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР МЕН ТЕХНОЛОГИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫ ЖӘНЕ БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің құрылымына кіретін «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ (ҰҒЗТО) және Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Ғарыштық кеңістік мәселелері жөніндегі басқарма (UnitedNationsOfficeforOuterSpaceAffairs, «UNOOSA») атынан   Алматы қаласында, Қазақстан, орналасқан Аумақтық қолдау офисі қызметіне қатысты өзара түсіністік туралы Меморандум жасасты.

Аталған Меморандумға сәйкес, тараптар төтенше жағдайлардың алдын алу және жою және шұғыл әрекет ету (СПАЙДЕР-БҰҰ) үшін  ғарыштық ақпараттарды пайдалану мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы Тұғырнамасы шараларына қолдау көрсету және жүзеге асыру бойынша өздеріне міндеттемелер алды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы қызметінің ғаламдық бағыттарының бірі ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалануға қолдау көрсету, ғарыш қызметінде халықаралық ынтымақтастықты нығайту  және тұрақты даму мақсаттарына жету үшін ғарыштық ғылым мен техниканы пайдалану болып табылады. Аталған бағытқа  Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Ғарыштық кеңістік мәселелері жөніндегі басқармасы жауап береді, ол Вена қаласындағы (Австрия) БҰҰ бөлімшесінде орналасқан.

«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ (ҰҒЗТО) – мемлекеттің қатысуы 100% компания, ол ғарыш және ғарыштық технологиялар саласында ғылыми және қолданбалы зерттеулерді, жобалау және эксперименттік, өндірістік және коммерциялық қызметтерді жүзеге асырады. «ҰҒЗТО» АҚ өзінің құрамындағы ғылыми-зерттеу институттарымен бірге, ғарыштық мониторинг және Жерді қашықтықтан барлау деректері негізінде, оның ішінде табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды зерттеу және олардың салдарларын болжауға байланысты көпжылдық тәжірибеге ие және жинақтаған мол бақылау базасы бар.

  Меморандум Бас Ассамблеяның 61/110 қарарының 11 тармағына сай жасалды, оған сәйкес «СПАЙДЕР-БҰҰ» Тұғырнамасы стихиялы апаттармен күресте ғарыштық технологияларды пайдалану саласында аумақтық және ұлттық сараптама білімі орталықтарымен тығыз байланыста болуы тиіс, өз аумақтарында бағдарламаның шараларын жүйелі іске асыруда аумақтық қолдау орталықтарын қалыптастыруы және мол тәжірибесі мен мүмкіндіктерін пайдалануы қажет».

Меморандумның мақсаты –  тұрақты түрдегі диалогтар және деректер алмасу арқылы жалпы мақсаттарға қол жеткізу үшін ынтымақтастықты қамтамасыз ету.

Сөйтіп, жасалған Меморандумға сәйкес, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ «СПАЙДЕР-БҰҰ» бағдарламасы қызметіне қолдау көрсетеді және оны өзінің жұмыс жоспарларында есепке алады. «ҰҒЗТО» АҚ, сондай-ақ Алматы қаласындағы, Қазақстан Республикасы,  Аумақтық қолдау офисінің үйлестіруші-сарапшысының жұмысын қамтамасыз етеді.

Қызметтің тиімді нәтижелеріне қол жеткізу үшін төтенше жағдайлар, техногенді апаттар кезінде операцияларды басқару және оларға қарсы әрекет ету үшін ғарыштық ресурстар мен деректерге қол жеткізуге және пайдалануға рұқсат беріледі.

Тараптар төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарларын жою үшін ғарыштық ақпараттық технологиялар әлеуетін арттыру бойынша, сондай-ақ стихиялы апаттармен күрес үшін ғарыштық технологияларды пайдалану бойынша сарапшылармен өзара тығыз байланыста болу туралы ынтымақтастыққа келісті.

Өзара түсіністік туралы Меморандумға Біріккен Ұлттар Ұйымының Ғарыштық кеңістік жөніндегі басқармасы директоры Симонетта Ди Пиппо ханым және «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Марат Нұрғожин мырза қол қойды.

***

«ҰҒЗТО» АҚ,

Алматы, 31 мамыр 2021 ж.