«ҰҒЗТО» АҚ қызметкерлері Аблакатов Ильяс Қабылашымұлы мен Байсериков Бердияр Мейіржанұлы философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алды
30.12.25
2025 жылғы 25 желтоқсанда Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің «Металлургия, кен байыту және материалтану» бағыттары бойынша Диссертациялық кеңесінде ғылыми қызметкер Аблакатов Ильяс Қабылашымұлы мен аға ғылыми қызметкер Байсериков Бердияр Мейіржанұлының диссертациялық жұмыстарын сәтті қорғауы өтті.
Диссертациялық жұмыстар 8D07103 — «Материалтану және инженерия» білім беру бағдарламасы аясында орындалып, материалтану саласы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін ұсынылды.

Аблакатов Ильяс Қабылашымұлының ғылыми-зерттеу жұмысы қазіргі заманғы машина жасау және аэроғарыш салаларында қолдануға арналған жоғары механикалық қасиеттерге ие жеңіл алюминий-литий қорытпаларын алу технологиясын әзірлеуге бағытталған.

Байсериков Бердияр Мейіржанұлының зерттеулері импортқа тәуелділікті төмендетуге және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ғылыми және технологиялық тәсілдерді қолдана отырып, полимерлі композициялық материалдарды әзірлеуге арналды.
Зерттеу барысында алынған нәтижелер материалтану ғылымының дамуына елеулі үлес қосады және ғылыми-зерттеу мен қолданбалы қызметте, соның ішінде инновациялық және инженерлік жобаларды іске асыру барысында пайдаланылуы мүмкін.
«ҰҒЗТО» АҚ ұжымы Аблакатов Ильяс Қабылашымұлы мен Байсериков Бердияр Мейіржанұлын диссертацияларын сәтті қорғауларымен құттықтап, кәсіби қызметтеріне табыс, жаңа ғылыми жетістіктер және отандық ғылымның игілігі жолындағы жемісті еңбек тілейді.






